Жайық өзені бастауын Орал тауынан алады, солтүстіктен оңтүстікке қарай Батыс Қазақстан аумағымен кесіп өтіп Каспий теңізіне құяды. Жайық өзенінің жалпы ұзындығы 2428 шақырым, соның ішінде Атырау облысы аумағында - 390 шақырым құрайды.
Жайық өзеніндегі судың жылдық деңгейі көктемгі су тасқынының айқын белгіленген толқынымен және жаз-күздің салыстырмалы төменгі су деңгейімен сипатталады.
Жайық өзені бассейніндегі көктемгі су тасқыны, әдетте, сәуір айының бірінші онкүндігінде, ерте көктемде - наурыз айының соңында, соңғы - сәуірдің екінші жартысында басталады. Ең жоғарғы деңгейлер 1-3 күн, салыстырмалы түрде жоғары деңгейі 20-40 күнге созылады. Су деңгейлерінің төмендеуі, әдетте, олардың өсуінен әлдеқайда баяу жүреді. Көктемгі су тасқыны кезінде Жайық өзені орта және төменгі ағысында көптеген шақырымдарға созылатын қуатты ағынға айналады. Көктемгі су жағалау учаскелерін көлденеңнен бірнеше метрге дейін шайып кетеді. Өзен жыл сайын жайылма ормандардың едәуір бөліктеріне нұқсан келтіреді. Су тасқынының орташа биіктігі қалыпты деңгейден 6-8 метр жоғары болғанда, өзен суы жайылма шегінен шықпайды, алайда 9-10 метрге көтерілсе, төңіректегі даланың ең төменгі аудандарын да су басады. Орташа сулы жылдарда көктемгі орта және төменгі су тасқыны 10 км-ге дейін жетеді. Жазғы-күзгі төменгі су ұзақтығы - 90-120 күн.
Көктемгі және тиісінше, жылдық ағындардың мөлшерін анықтайтын негізгі климаттық факторлар өзен бассейніндегі еру басталғандағы қардың қоры, су тасқыны кезеңіндегі жауын-шашын, топырақтың ылғалдық деңгейі мен тоңның түсу тереңдігі және қардың еру қарқындылығы болып саналады.
Кеме жүрісінің кепілдендірілген габариттері, тередігі 80 см., ені 20 м., айналу радиусы 375 м. құрайды.
Жайық-Каспий АрнасыКаспий теңізінен Атырау қаласына дейін кемелер өту үшін Жайық-Каспий арнасы қазылған: оның ұзындығы 56 шақырым құрайды. Арна екіге бөлінеді, теңіз және өзен бөлігіне. Өзен бөлігі Атырау орталық автокөлік көпірінен басталып Пешной түбегімен аяқталады. Бұл бөлігі Жайық өзенімен және Золотой тармағымен өтеді. Арнаның өзен бөлігі ұзындығы 35 шақырымды құрайды. Теңіз бөлігі Пешной түбегінен басталып №33 жарықтырылған буйдан аяқталады. Арнаның теңіз бөлігі ұзындығы 21 шақырым құрайды.
Кеме жүрісінің кепілдендірілген габариттері, тередігі 120-150 см., ені 40-80 м., айналу радиусы 375 м. құрайды.