25 қыркүйек күні «Қазақстан су жолдары» РМҚК Павлодар филиалында «Қазақстан халқы тілдерінің күні» мерекесіне арналған «Тіл – достық көпірі» атты іс-шара өтті. Шараның мақсаты – татулықтың, достықтың тетігі, тәрбиенің көзі, халықты біріктірудің маңызды факторы – тіл екенін тағы бір мәрте ұғындыру.
«Ел тәуелсіздігінің басты белгісі – оның ана тілі. Сол себепті де кез келген халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. «Ұлтты жоям десең, әуелі тілінен баста» деген астарлы ойдың мағынасы тереңде жатыр» деп бастаған Павлодар филиалының директоры С.Т. Әбділманов қызметкерлерді дәстүрлі тіл мерекесімен құттықтады.
Аталған іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қ-Ж. Тоқаевтың 2019 жылғы 30 мамырдағы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту жөніндегі қаулысын негізге ала отырып, шараның бір бөлігін ойыншыларға үй тапсырмасы ретінде берілген Абай шығармашылығына арнады. Сонымен қатар, шара барысында қазақ тілінің орфографикалық, орфоэпиялық, диалектологиялық, т.б. сөздіктері, Абайдың кітаптары қойылған көрме ұйымдастырылды. «Абай Құнанбаев – 175 жыл», «Білімпаз болсаң арқалан», мақал-мәтелдердің ұқсас жұбын табу, логикалық сұрақ-жауаптардан тұратын үш тур командааралық ойынға әкімшілік-басқару аппаратынан, өндірістік блоктан құралған «Шағала», «Арман жағалау» және «Көкжиек» атауымен үш команда қатысты.
Мерекелік шара соңында жеңімпаздарға сыйлық беріліп, грамота, алғыс хаттармен марапатталды.